Асық ойыны қайта жаңғыруда.
Асық ойыны — қазақ халқының дәстүрлі ойыны. Асық ойыны күндіз де, түнде де ойналады. Күндізгісі – мергендікке, түнгісі – ептілікке баулиды. Иіргенде түскен қалпына қарай асық – алшы, тәйке, бүк, шік деп, ал атуға арнап арнайы қорғасын құйылып жасалғаны – сақа, жақсылары – оңқы аталады. Асық ойынының мынадай түрлері бар: құмар,тәйке,омпы, алшы, хан (хан ату), ханталапай, бес асық т.б.
«Асық ойнаған, азар, доп ойнаған тозар» -демекші, асық ойыны енді өрби бастаған сияқты.
Қазақстанның жетістіктерін шет ел мойындай бастаған уақытта, ұлттық құндылықтарымызды жаңарту кезеңі келді. Асық ойыны туралы қазіргі қарттардан сұрастырсақ, нақтылы талдап айтып беретін адамдар аз.
Қазақта асық қасиетті саналады. Баласы ұл болса, бесігінің басына бөрінің асығын іледі. Бәле-жаладан аулақ, шымыр, қайратты болсын дегені. Қыз болса, бесігіне еліктің асығын (жабайт) тағады. Сұлу, көрікті болып бойжетсін деп ырымдағаны. Келіні құрсақ көтергенде, атасы мен әжесі ырымдап асық жинайды.
Ал қазіргі таңда асық ойыны қайта жанданып, жастарға берер пайдасы туралы айтыла бастады. Соның дәлелі ретінде мектепке дейінгі мекемелерде жақында Ханталапай ойыны өтті. Біздің де Горький атындағы орта мектеп ішіндегі балабақша мен даярлық сыныбында Ханталапай ойыны туралы ақпарат беріліп, балалардың ойынға деген қызығушылығын оята алдық. Балалардың асық ойнауға деген қабілетін оята отырып, балаларды бір сәт болса да ептілікке, мергендікке, жылдамдыққа баули алдық. Келешекте жаз бойы демалыс кезінде асық жинауды мақсат етіп отыра, асық ойынын ойнауға шыңдап кіріспекшіміз. Ал біздің балалар асық жинауды әлден- ақ бастап кетті. Алға қойған мақсатымыз орындалып, асық ойынын одан әрі шыңдап, келер ұрпаққа үлгі боламыз деген үміттеміз.
Мектепалды даярлық сыныбының мұғалімі Керимхан Еркегүл.